ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО мен «Абай ұлттық мектебі» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 2026 жылдың 21-24 сәуір күндері аралығында Алматы қаласы, «Абай ұлттық мектебі» республикалық мемлекеттік мекемесінде жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен республика көлемінде VІІІ «Абайтану» республикалық олимпиадасы өтеді.
Жамбыл облысынан республикалық олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары арасынан облыстық кезеңнен жеңімпаз атанған 8 оқушы қатысады.
Ережеге сәйкес олимпиада 2 айналымнан тұрады. Бір оқушы екі айналымға да қатысады.
◦ І айналым:
- қатысушы Абай қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазады (120 минут);
◦ ІІ айналым:
а) Абай өлеңдері бойынша тапсырмалар:
- Абай өлеңдерінен алынған үзіндіні жалғастырып, шығарманың тақырыбы мен идеясына қатысты өз пайымын жазады;
- Абай өлеңдерінен «сократтық» сұрақтар беріліп, логикалық деңгейі тексеріледі.
ә) Абайдың қарасөздері және Абайтануға байланысты еңбектер бойынша құрастырылған тапсырмаларды орындайды:
- әдеби шығармалар мен ғылыми еңбектерден дәйектер келтіріп, Абай тұлғасын айқындайды;
- әдеби шығармалар мен Абай қарасөздеріндегі өзекті мәселелерге сыни көзқараспен талдау жасайды.
б) М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан немесе Абай шығармаларынан алынған сөйлемге кешенді талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығы анықталады.
Облыс оқушыларына сәттілік тілейміз!