Республикалық «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 5 наурыз күні Абай атындағы мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гимназиясының базасында 8-11 сынып оқушылары арасында республикалық «Мәшһүр-Жүсіп оқуларының» облыстық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты - философ-ақынның рухани мұрасын дәріптеу, шығармаларында бейнеленген туған жерге сүйіспеншілік, белсенді азаматтық ұстанымды өскелең ұрпақта тәрбиелеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Байқауға аудандық, қалалық білім беру ұйымдарынан және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 58 оқушы қатысты.
БАЙҚАУ 5 БАҒЫТ БОЙЫНША ӨТТІ:
- «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағыты бойынша - өз шығармасын арнау;
- «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бағыты бойынша - Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы көркем ой, талғам мен түсінік, ұлттық танымның ерекшеліктерін, адамзат, ұлт руханиятындағы мәнімен сабақтастыра отырып, ғылыми зерттеу жоба әзірлеу және оны қорғау;
- «Білімді зерек адам болам! - десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен » бағыты бойынша - ұлы баба шығармаларындағы ойларды кеңейтіп, ұлт тарихымен, ұлттық әдебиет мазмұнымен байланыстырып, эссе жазу;
- «Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы фольклорлық мұрасы. Хандар, батырлар» бағыты бойынша - ғұламаның фольклорлық жазбаларынан келесі тізімде көрсетілген екі топтың ішінен бір тұлғаны таңдап, сол тұлға туралы толық мәлімет жеткізе білуі және деректерінің мәнін жүйелеп талдау талап етіледі;
- «Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы фольклорлық мұрасы. Би-шешендер, жырау-ақындар» бағыты бойынша – ғұламаның фольклорлық жазбаларынан келесі тізімде көрсетілген екі топтың ішінен бір тұлғаны таңдап, сол тұлға туралы толық мәлімет жеткізе білуі және деректерінің мәнін жүйелеп талдау талап етіледі.
Байқаудың нәтижесінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Бас жүлдесін - 5 оқушы, І дәрежелі дипломын - 5 оқушы, ІІ дәрежелі дипломын - 10 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломын - 15 оқушы иеленіп, терең білімі үшін грамоталармен марапатталды.
Сонымен қатар, барлық оқушыларға сертификаттар берілді.