2025 жылдың 11-14 мамыр күндері аралығында алғаш рет Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында 7-8 сынып оқушыларына арналған математикадан республикалық «Ойлан, тап!» олимпиадасы өтті.
Қорытынды кезеңге Қазақстанның əр өңірінен 150 оқушы, 50-ге жуық команда жетекшілері, қазылар алқасының мүшелері мен қонақтар қатысты.
Олимпиаданың жабылу салтанатына Өтелбаев Мұхтарбай Өтелбайұлы мен оның шəкірттері физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қошанов Бақытбек Дəнебекұлы, Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Біргебаев Ақтай Біргебайұлы жəне олимпиаданың демеушісі «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының директорының орынбасары Абенов Серік Əбділнасырұлы мен «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қордың жобаларды басқару департаментінің басшысы Ешимова Рсалда Советқызы да қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ жəне ІІІ дəрежелі дипломдармен, медальдармен марапатталды.
І орын иеленген 13 оқушыға - Apple Watch смарт сағаты,
ІІ орын иеленген 20 оқушыға – AirPods сымсыз құлаққабы,
ІІІ орын иеленген 31 оқушыға - портативті проекторлар Жамбыл облысы əкімдігінің атынан табысталды.
Ерекше жетістіктері үшін 14 оқушыға арнайы грамоталар берілді.
Абсолютті чемпион иегерлері:
- Күнғожин Абзал - Алматы қаласы, Республикалық физика-математика мектебінің 8 сынып оқушысы.
- Саурбаев Динмухамед - Алматы қаласы, Nurorda Almaty мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы
Сондай-ақ, абсолютті чемпион иегерлеріне Өтелбаев Мұхтарбай Өтелбайұлы ноутбук, «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының атынан IPad планшеті табысталды.
Мұхтарбай Өтелбаев атындағы 7-8 сынып оқушыларына арналған математикадан республикалық «Ойлан, тап!» олимпиадасының «Ең үздік команда-2025» атағын жəне ауыспалы кубогін Ақтөбе облысының командасы иеленді.
Тау самалы «Балдəурен» сауықтыру орталығының директоры Тукеев Қайрат Серікұлы, «Балдəурен» - Республикалық оқу-сауықтыру орталығының екі тегін жолдамасын Астана қаласы, «Binom school» мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Қасымжомарт Сүлейменге жəне Жамбыл облысы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның 7 сынып оқушысы Сағымбай Нұрдəулетке табыстады.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!