2025 жылдың 30 мамыр күні Жамбыл облысы әкімдігінің ғимаратында өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздарымен кездесті.
Ербол Қарашөкеев алғы сөзінде өңірдегі зияткер ұрпақтың білім кеңістігіне жол ашуына жасалып жатқан мүмкіндіктер жайында айтты. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылым додаларында бақ сынап, ел абыройын асқақ етіп жүрген өрелі өрендердің әрбірін жеңісімен құттықтап, ақжолтай тілегін арнады.
Кездесуге 132 дарынды оқушы қатысты.
Өңір басшысымен кездесуге келген дарынды оқушылардың барлығы облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев кездесу барысында білім додаларында биік шыңдарды бағындырып, жоғары жетістіктерге жеткен жас дарындарды дайындаған 12 педагогты Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.
Кездесу барысында «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Қанат Нұрғанат және Меркі ауданы, М. Жылысбаев атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жолшыбек Диас сөз алып, жүрекжарды тілегін арнады.