Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 26 қыркүйек күні Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың базасында жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасында республикалық «Махамбет оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты мен міндеттері.
- мектеп оқушылары арасында Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау;
- тарихи деректер бойынша тұжырым жасай білу дағдысына үйрету, түсініктерді деректермен, дәйексөзбен дәлелдеуге жаттықтыру;
- әдеби мұралардың жүйелі оқылуын жолға қою, балалардың ерлік рухын сезіндіру арқылы азаматтық тәрбие беру.
Байқауға аудандық, қалалық білім беру ұйымдарының және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 65 оқушы қатысты.
Байқау 5 номинация бойынша өтті:
1. «Ұлы арман» - иллюстрациялық суреттер салу бағыты.
2. «Ел құтқарар ер едім» - шығармаларын жатқа оқу бағыты.
3. «Шашақты найза, шалқар күй» - күй орындау бағыты.
4. «Тартынбай сөйлер асылмын» - жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу бағыты.
5. «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңнен өткен ер» - «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар» тақырыбының бірін қорғау бағыты.
Байқаудың нәтижесінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының І дәрежелі дипломын - 5 оқушы, ІІ дәрежелі дипломын - 10 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломын - 15 оқушы иеленіп, терең білімі үшін 15 оқушы грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық оқушыларға сертификаттар берілді.
Жеңімпаз оқушыларды жүлделі орындарымен құттықтаймыз!
Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы
Жамбыл облысының білім басқармасы