МЕНЮ

Жамбыл облысында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша оқу-жаттығу жиындары өтетіндігін хабарлайды

Оқу-жаттығу жиыны 5-19 қыркүйек аралығында «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру лагері базасында өтеді. Екі аптаға жуық уақытқа жоспарланған бұл бағдарлама Жамбыл облысының дарынды оқушыларын жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиадаларға сапалы және жүйелі дайындауға бағытталған. Оқу-жаттығу жиындары (ОЖЖ) оқушылардың академиялық және интеллектуалдық әлеуетін ашып, облыстың олимпиадалық қозғалысын жаңа деңгейге көтеруге негізделген. Аталған оқу-жаттығу жиыны Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі. Жиынға Тараз қаласынан және облыстық дарынды мектептерден іріктелген 8-11 сынып оқушылары қатысады.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарының негізгі мақсаттары – оқушылардың бейіндік пәндер бойынша алгоритмдік, теориялық және практикалық білімдерін тереңдету, олимпиадалық есептерді шешу дағдыларын қалыптастыру және олимпиадалық резервтің республикалық деңгейдегі жарыстарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы мақсатта оқу процесі бастапқы диагностикадан басталып, сабақтар алдында Pre-test өткізу арқылы оқушылардың білім деңгейі анықталып, дайындық деңгейіне сәйкес топтастырылады. Оқу кезеңдері барысында білім алушылардың жетістіктеріне жүйелі мониторинг жүргізіліп, әр кезеңнен кейін аралық сынақтар және қорытынды Post-test ұйымдастырылады.

Оқу-жаттығу жиындарында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 негізгі пән бойынша оқыту жүргізіледі. Дәріс беретін тренерлер құрамы –  республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпаздары, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері және «edLight Academy» академиясының жетекші мамандары.

Оқу-жаттығу жиыны тек білім беру бағытындағы сабақтармен шектелмейді. «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру лагерінде ұйымдастырылатын жиын барысында оқушылардың тиімді демалуына, өзара қарым-қатынас орнатуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне де жағдай жасалады. Оқу-жаттығу жиындарын бекітілген бағдарлама бойынша жүзеге асыру Жамбыл облысының олимпиадалық қозғалысына үлкен серпін беріп, келесі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының «Жамбыл дарыны»
аймақтық ғылыми-практикалық орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Сайтты әзірлеу
Semstar