МЕНЮ

Жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсының облыстық кезеңі өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2026 жылдың 21 қазан күні 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсының облыстық кезеңі Тараз қаласының білім бөлімінің Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының базасында өтті.

Интеллектуалдық конкурсқа аудандық, Тараз қаласының және облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының 48 оқушысы қатысты.

Конкурстың мақсаты – оқушылардың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыру, өлкетану зерттеуін жүргізу, тарихи дереккөздерді іздеу, талдау және салыстыру, негізделген қорытындыларды тұжырымдау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін көпшілік алдында таныстыру дағдыларын дамыту.

Конкурс 2 кезең бойынша өтті: 1 кезең – Қазақстан тарихы сұрақтары бойынша тестілеу, 2 кезеңде оқушылар төмендегі 4 номинация бойынша дайындаған жобаларын қорғады.

1. «Өлкемнің цифрлық шежіресі» номинациясы бойынша (Өлкенің тарихи кезеңін, оқиғасын, елді мекенін немесе тарихи орнын зерттеп, нәтижесін цифрлық форматта таныстыру);

2. «Бір жәдігер-бір тарих» номинациясы бойынша (Жәдігердің, тарихи нысанның, дәстүрдің, жер-су атауының немесе отбасылық мұраның тарихын зерттеу);

3. «Тұлға және дәуір: цифрлық тарихи портрет» номинациясы бойынша (Өңірге үлес қосқан тұлғаның қызметін, дәуірмен байланысын және ықпалын зерттеу); 

4. «Ақылды өлке: болашаққа арналған шешім» номинациясы бойынша (Өлкенің тарихи-мәдени мұрасын, жергілікті бірегейлігін немесе қоғамдық жадын сақтауға қатысты нақты мәселені зерттеп, іске асырылатын шешім ұсыну);

Байқаудың қорытындысы бойынша 24 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, І орынды 5 оқушы, ІІ орынды 9 оқушы, ІІІ орынды 10 оқушы иеленіп, 14 оқушы грамотамен марапатталды.

«Менің шағын Отаным» конкурсының облыстық кезеңінде І орынды иеленген 5 оқушы интеллектуалдық конкурстың республикалық кезеңіне қатысуға жолдама алды.

Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының «Жамбыл дарыны»
аймақтық ғылыми-практикалық орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Сайтты әзірлеу
Semstar