2024 жылдың 17 қазан күні «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушылары арасында XVII Президенттік олимпиаданың II республикалық іріктеу кезеңі облыстық Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейінің базасында өтті.
Президенттік олимпиаданың идеясы - орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында математика, физика, химия және биологиядан дарынды оқушыларды анықтау үшін кәсіптік бағдар мен болашақтағы интеллектуалдық дамуына қолайлы жағдай жасау, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен дағдыларын тереңдету, тұлғаның өзін-өзі жетілдіруіне және дамытуына жағдай жасау.
ХVІI Президенттік олимпиаданың республикалық іріктеу кезеңіне олимпиаданың облыстық кезеңінде І, ІІ орын иеленген 16 оқушы қатысты. Олимпиада барысында жаратылыстану-математикалық циклы пәндері (математика, физика, химия және биология) бойынша тапсырмалар орындады.
Олимпиаданың екінші іріктеу кезеңі екі турдан өтті:
Бірінші тур – тестілеу;
Екінші тур - эссе жазу.
Іріктеу кезеңінің өтілу барысын бақылау мақсатында Youtube әлеуметтік желісі арқылы тікелей көрсетілім жасалды.
Олимпиада бойынша қорытынды ақпаратты www.daryn.kz сайтынан көре аласыздар.